Петропавлда “Enbek Star” атты профориентациялық форум өтті. Шарапаты мол шара “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында өткізіліп отыр. Жиынға қаламыздағы беделді компаниялардың басшылары келіп, жастарға кәсіптік бағдар береді. Басқосудың шымылдығын қала әкімі Серік Мұхамедиев ашып, форумның маңыздылығына тоқталды.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— Мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялады. Бұл шешім кездейсоқ емес. Жұмысшы мамандықтар мемлекет дамуының, оның экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылығының берік негізі болып табылады. Бүгінгі форум әрқайсысыларыңыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін.
Форум аясында тағы бір елеулі оқиғаның куәсі болдық. Қала әкімдігі мен “Қызылжар” креатив орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Келісім аясында Петропавлда тың идеялар көбейетіні сөзсіз.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— “Қызылжар” креатив орталығы – талантты жастардың басын қосатын орын. Өскелең ұрпақ мұнда келіп, өздеріне қажетті дүниелерді біле алады. Рухани жағынан дамып, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Қалалық әкімдік тарапынан аталған салаға ұдайы көмек көрсетілетін болады.
Форум жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Себебі, мұнда өмірде талай қиындыққа тап болып, оны жеңіп шыққан кәсіпкерлер шақыртылған. Білікті мамандардың қыз-жігіттерге берері мол.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Қызылжар” креатив орталығының директоры:
— Форумға университет пен қала колледждерінің студенттерін шақырттық. Мүмкін қыз-жігіттердің арасына бір үлкен компанияның тізгінін ұстайтын кәсіпкерлер шығар. Біз оларға бағыт-бағдар беру арқылы еліміздің экономикасын дамыта аламыз. Орталық өкілдерінің басты мақсаты да сол.
Шараға жұмыс беруші кәсіпорындар да шақыртылған. Жастар мамандармен сөйлесіп, екі қолына бір күрек таба алады. Форум қас қарайғанша дейін жалғасады.
Нұрасыл Ахмет