Білім

№40 орта мектепке – 60 жыл

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ұясы. Петропавлдағы Дмитрий Карбышев атындағы №40 орта мектебінің іргетасы қаланғанына биыл – 60 жыл. Айтулы күнді ұстаздар мен оқушылар ерекше атап өтті. Мерейтойға арналып концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, қонақтар шақырылды.

Мектеп тарихын насихаттаумен қатар, мұнда ерлікке тағзым дәстүрі де бар. Илья Клепальский – Ауған соғысына қатысқан жерлесіміз, осы мектептің түлегі. Өкінішке қарай, ол небәрі 21 жасында соғыста қаза тапты. Жауынгердің құрметіне мектеп қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған. Бүгінгі шарада “Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері” ұйымының мүшелері ескерткіш тақта алдына гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

ШАМИЛЬ ШАКИРОВ, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері одағының төрағасы:

—Илья Клепальский Ауғанстан демократиялық республикасында Отан алдындағы борышын орындады. 66-шы десанттық-шабуылдау бригадасының құрамында болды. Командирімен бірге мина басып қаза тапты. Жауынгердің рухына тағзым ету мақсатында кезінде өзі білім алған мектепке жыл сайын келіп тұрамыз. Қалада Ильяның әпкесі мен 92 жастағы анасы тұрады.

Д.Карбышев атындағы №40 орта мектебінде 500-ден астам оқушы білім алады. 30 оқу кабинеті бар. 50-ден астам мұғалім еңбек етеді. Ал 60 жыл ішінде мектептен мыңнан астам түлек түлеп ұшқан.