ҚоғамМәдениет

Еңбек күні қарсаңында сала ардагерлері қошеметке бөленді

2013 жылдың 22 қарашасынан бері елімізде “Еңбек күні” аталып өтіледі. Қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып белгіленген дата қарсаңында талай жыл сан салада еңбек еткен мамандардың еңбегі еленді. Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Марат Иманбайұлы сала ардагерлерін айтулы күнмен құттықтап, оның маңыздылығына тоқталды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

2025 жылды Мемлекет басшысы “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған болатын. Бұл еңбек пен жұмысшы мамандықтар өкілдерін ел дамуына қосқан үлесін мойындау болып табылады.

Қошементке бөленгендердің бірі – Күлзира Омарова. Нәзікжанды қазіргі күні зейнетке шықса да Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінде инкассатор болып еңбек етеді. Нәзікжандының бұл салада еңбек етіп жүргеніе бақандай 40 жылдан асыпты.

КҮЛЗИРА ОМАРОВА, Оңтүстік Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің инкассаторы:

18 жасымнан осы станцияда еңбек етіп келемін. 40 жылдан астам уақыт ішінде түрлі қызмет атқардым. Кассада билет саттым, багаж бөлімінде де болдым. Жұмыстың оңайы жоқ. Кез келген жерде қойылатын басты талап – жауапкершілік пен өз ісіңе деген махаббат деп ойлаймын. Талай жыл осы салада жүргеніме еш өкінбеймін.

Салтанатты шарада «Еңбек жолы» байқауында үздік атанғандар марапатталды. Елімізде жыл сайын ұйымдастырылып тұратын сайысқа теріскей өңірінен 26 адам қатысқан. Байқауда “Үздік еңбек әулеті”номинациясында тимирязевтік Зуевтар жанұясы жеңімпаз атанды. Отбасы мүшелерінің еңбек өтілімін қосқанда 100 жылға жуықтайды екен.

ВАЛЕРИЙ ЗУЕВ, “Москворецкое” ЖШС жүргізушісі, Тимирязев ауданы:

— Ұлым екеуіміз орақ науқанында “Камаз” тізгіндейміз. Өзімнің осы салада еңбек етіп жүргеніме 40 жылдан асты. Жұмыс оңай емес. Әсіресе, науқан кезінде уақыт тіпті тапшы болады. Бүгінгі жиынға жалғыз келгенім де сондықтан.

Жалпы, «Еңбек жолы» байқауын ұйымдастырудағы мақсат – қоғамда еңбекке деген құрмет қалыптастыру және еңбек адамының мәртебесін арттыру.

 

Ақтолқын Солтанханқызы