Петропавлдағы облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында ашық есік күні өтті. Бұл жолғы меймандар – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері. Ұл-қыздар мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Әр кабинетке бас сұқты. Ай сайын жүздеген жанның мәселесін қарап жүрген жандар қыз-жігіттерге сот процесі қалай өтетіндігі жайында айтып берді.
Биліктен әділдік іздеп әбігер болатындар көп. Жеке немесе заңды тұлғалар лауазымдылар алдында лажсыз жағдайға жиі тап болады. Себебі, олар тұтас аппаратпен соттасуға қауқарсыз. Кейбірінің тіпті, қорғаушы жалдауға шамасы жетпейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2021 жылы әр облыста мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот құрылған болатын. Қазір өзін тек тиімді жағынан көрсетуде.
ЗЕЙНЕГҮЛ ӘСЕМБАЕВА, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының әкімші басшысы:
— Биыл бізге 700-ге жуық арыз келіп түсті. Көбінесе жер және тұрғын үй кезегі мәселелерін қараймыз. Сотқа жергілікті әкімдіктің шығарған шешіміне наразы тұрғындар көп келеді.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жария құқықтық соттар өтеді. Мұнда тұрғындардың арызын 5 судья қарайды. 4 сот залы бар. Мекеменің тыныс-тіршілігімен танысқан студенттер таңданыстарын жасырмады. Оларға білікті мамандар шара барысында құқықтық сауаттылықтарын арттыратын біршама мағлұмат айтты.
ҚАСТЕРЛІ ӘБДІҚАДЫР, студент:
— Мен бұл көріністі тек теледидар мен әлеуметтік желілерден ғана көргенмін. Ғимараттың іші мен ойлағаннан да үлкен әрі кең екен.
Айта кету керек, облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотындағы істердің 70 пайызы жеке және заңды тұлғалардың пайдасына шешілген.
Нұрасыл Ахмет