Денсаулық сақтау

Эпидемиологиялық маусым басталды

Өңірде 2024-25 жылғы эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) сырқаттанушылардың саны 110 мыңға жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,7%-ға аз. Науқастардың дені 14 жасқа дейінгі балалар екен. Алайда, соңғы аптада ЖРВИ-ға 3 мыңнан астам адам шалдыққан. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда 1,5 есеге көп.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

ЖРВИ-мен ауыратын науқастардан ПТР әдісімен анықталған басқа да тұмауға жатпайтын вирустарға оң нәтижелер тіркеледі: риновирустың 81 жағдайы, аденовирустың 49 жағдайы, парагрипптің 32 жағдайы, метапневмовирустың 13 жағдайы, МС-вирус – 11 жағдай, бокавирустың 7 жағдайы.

“Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцинация”, – дейді мамандар. Өңірде тұрғындарды жаппай иммундау қыркүйек айының 23-інен бері жүріп жатыр. Белгілі бір категорияға жататын тұрғындар екпені тегін ала алады.

Тегін вакцинациялауға жататын топтар:

  • медицина қызметкерлері;
  • медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар;
  • балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары;
  • қарттар үйлерінің контингенті;
  • 2-3-ші триместрдегі жүкті әйелдер;
  • созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан жандар.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

Бүгінгі таңда тәуекел тобына жататын адамдар арасынан 713 адам егілді. Тұмауға қарсы вакцинациямен барынша қамту ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және эпидемияның пайда болуына жол бермейді. Тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, спецификалық емес профилактиканы назардан тыс қалдырмау керек: мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау қажет, барған кезде маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет-қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жуу керек, өйткені тұмау вирусы ауа-тамшылы жолмен ғана емес, тұрмыстық заттарды пайдаланғаннан кейін қол мен мұрынды, көзді, ауыздың шырышты қабаттарын ұстаған кезде де жұғады.

“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, тұмаудан сақтанудың жолы қарапайым дейді тұрғындар. Ал сырқаттанып қалдыңыз ба, оның емін білетін маманға жүгіну керек.

— Өзіміз жуырда ғана ауырып қалдық. Осы орайда теріскейліктерге тұмау кезінде мамандардың көмегіне жүгіну керектігін айтқым келеді. Ауруды өзім емдеймін деп асқындырып алуға болады. Қазір тұмау маусымы басталды. Сол себепті, дәрумен жеп, адам көп шоғырланған ортаға көп бармау керек.

 

Ақтолқын Солтанханқызы