Жыл өнімі – 2025. Петропавлдық “Радуга” серіктестігі өндіретін жылдам әзірленетін кеспе атышулы сайыста үздік атанды. WorldFood Moscow 2025 аталатын Халықаралық күзгі азық-түлік көрмесінде жерлестерімізден бөлек 100-ге жуық өзге тауар өндірушілер қатысқан. “Жүздің арасынан үздік деп танылған өнімдегі басты артықшылық – сапа”, – дейді кәсіпорын мамандары.
НАТАЛЬЯ ТАГИЛЬЦЕВА, “Радуга” ЖШС бас технологы:
— Кеспені әзірлеу барысында жергілікті жоғары санаттағы ұн пайдаланылады. Өнімге қосылатын түрлі дәмдеуіш алдымен толықтай тексерістен өтеді. Ол да өзіміздің кәсіпорында өндіріледі. Соусын да өзіміз жасаймыз. Біз сапаға басты назар аударамыз.
Жылдам әзірленетін кеспе өндірісі өңірімізде осыдан 8 жыл бұрын басталған. Алғашқы өнім “Паста мама” деп аталыпты. Сұраныс артқан соң сапаға деген талап та жоғарылайды. Халықаралық көрмеде үздік деп танылған өнім өндірісі бір жыл бұрын ғана қолға алыныпты. Көптің көңілінен шыққан кеспе ішкі нарыққа ғана емес, сыртқа да экспортталады.
ДМИТРИЙ ШАРАПАЕВ, “Радуга” ЖШС бас директоры:
— Серіктестігіміздің жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылға таяп қалды. Азық-түлік өнімдерін шығарып жатқанымызға 20 жылға жуықтапты. Төл тауарымыздың жоғары бағаланғанына шексіз қуаныштымыз. Себебі, жылдам әзірленетін кеспе өндірісінің өзіндік күрделілігі бар.
Бүгінгі таңда “Радуга” серіктестігіндегі жылдам дайындалатын кеспе өндірісінде бір ауысымда 30-ға жуық адам тер төгеді. Еңбеккерлер 8 сағатта аталған өнімнің 1 млн-ға жуығын әзірлейді.
Ақтолқын Солтанханқызы