СҚО әкімдігі

СҚО-да кәсіпкерлердің құқығын бұзған 30 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

Облыстық әкімдікте бірыңғай есеп беру күні өтті. Жиын барысында бақылау және қадағалау орғандарының өкілдері кәсіпкерлерге атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді. Алқалы жиын шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев ашты.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Жыл басынан бері 1918 бұйрықтық тексеру актісі тіркелсе, оның 772-сі жеке кәсіпкерлік қызметінде. Ал тіркелген бизнесмендердің үлесі 43 пайызды құрайды. Жыл басынан серіктестіктерге жоспарға сай – 67, жоспардан тыс 698 тексеріс жүргізілді. Бұл жұмыс беруші жандардың халық игілігіне еңбек етуіне септеседі.

Қазіргі таңда өңірде 894 млрд теңгенің 51 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттардың сөзінше, әр жобаға қадағалау органының өкілі бекітілген. Маман нысан қолданысқа берілгенше дейін жемқорлық әрекеттердің орын алуына, құқық қорғау органдарының заңсыз тексерістер жүргізуіне жол бермейді.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

— Мемлекеттік орган кәсіпорынға тексеріс жүргізу үшін прокуратурадан рұқсат алуы тиіс. Жуырда бізге айыртаулық кәсіпкер полицияның заңсыз тексеріс жүргізіп жатқаны туралы хабарласты. Тәртіп сақшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Биыл облыс прокурорлары 700-ден астам астам кәсіпкердің құқығын қорғады. Нәтижесінде 30-ға жуық лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Кездесу соңында кәсіпкерлер бақылау және қадағалау органдарына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

 

Нұрасыл Ахмет