Қазақстанда жыл басынан бері 223 бала терезеден құлаған. Өкінішке қарай, салдарынан 38 жеткіншек қаза тауыпты. Ал теріскейде мұндай 4 жайсыз жайт орын алып отыр. Әйтеуір, адам өлімі тіркелген жоқ. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары брифинг өткізді. Шараға тәртіп сақшылары, қалалық әкімдік өкілдері мен тілшілер қатысты.
ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
— Жайсыз жайттар ата-аналардың жауапсыздығынан орын алады. Жеткіншектерді мүлдем жалғыз қалдырмаған жөн. Сондай-ақ, жиһаздарды бала терезеге шыға алмайтындай етіп алшақ қою қажет. Қарапайым талаптарды орындау арқылы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.
Төтеншеліктер мен тәртіп сақшыларының сөзінше, терезеге москиттік тор орнатпаған абзал. Балалар оны қауіпсіз деп ойлап төмен қарай құлдилап кетуі мүмкін. Тағы бір назар аударатын дүние, кішкентайлар терезені өз еркімен ашпас үшін арнайы бекіткіш орнатқан жөн.
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:
— Сәуір айынан бастап мектептерде ұдайы түрде ата-аналармен кездесудеміз. Түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл өзекті мәселені бірігіп қана шеше аламыз. Мамандардың айтқан сөздері бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып кетпеуі қажет. Айта кетейін, баласын қараусыз қалдырған ата-ана әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Төтеншеліктер мен тәртіп сақшылары ақпараттандыру жұмысын жалғастырмақ. Олар облыстағы барлық мекемені қамтуды жоспарлап отыр.
Нұрасыл Ахмет