Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдің 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті талқыланды. Басқосуда сөз сөйлеген қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов қай салаға қанша қаржы бағытталатынына тоқталды.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
— Денсаулық сақтау саласына 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Оның ішінде тұрғындардың тегін дәрі-дәрмек алуына 213 млн теңге бағытталмақ. №1 қалалық ауруханаға 90 млн теңгеге рентген түтігі мен генератор сатып алынады. Биыл мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына 35 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде мәдени шараларды өткізуге – 21 млн, “Ботай” фильмін түсіруге – 14 млн.
Автөкөлік жолдарының жай-күйі – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Басқосуда бұл бағытқа ерекше назар аударылды. Қуанышбек Қалижановтың сөзінше, алдағы 3 жылға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 1 млрд 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің қаладағы асфальттің сапасына көңілі толмайды. Бұл іске 900 млн теңге қарастырылған. Жиында жоба кестесіне кіретін жұмыс көлемі туралы сұралды.
Биыл кейбір салаға бөлінетін қаржы көлемі қысқармақ. Соның бірі – жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Осы ретте кеңес мүшелері басқарма басшысынан мүгедектігі бар балаларға көрсетілетін көмектің көлемі мен сапасын сұрастырды.
АЛТАЙ СЕЙІТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
— Бізде тірек-қимыл жүйесі бұзылған 10 бала бар. Психоневрологиялық ауруға шалдыққан 60 жеткіншек – жартылай стационарда, 40 бала толық стационарда ем қабылдайды. Тиісті көмек толық көлемде көрсетілді. Біз қаржыны балалардың есебінен емес, биыл жүргізілген ағымдағы жөндеуден үнемдедік.
Қоғамдық кеңес мүшелері кейбір жобаларда кеткен қателіктерге назар аударды. Олар мұндай олқылықтар жұмыстың сапасын төмендетіп, уақыт жоғалатынын тілге тиек етті.
Мәдина Қаби