Еріктілердің еңбегі – қоғам үшін маңызды күш. Олар өзгелерге көмектесіп қана қоймай, өздері де өмірлік тәжірибе жинақтайды. Әр іс-шарада жастардың белсенділігі, ұйымшылдығы мен жанашырлығы айқын сезіледі. Қайырымдылық жолында жүрген жастардың арасында “Мистер және Мисс волонтер” сайысы өтуде. Шара “Qyzylzar” креатив орталығында ұйымдастырылды. Осымен екінші жыл өткізіліп отырған шараға биыл 50-ге жуық ұл-қыз қатысты.
ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, “Штаб JE SKO” ҚБ төрайымы:
— Алдымен сайысқа қатысуға ниет білдірген жандар еріктілікке қалай келгені, қанша жыл еңбек етіп жүргені туралы жазды. Сонымен қатар, осы саладағы жетістіктерін баяндады. Біз оларға түрлі мәселенің тиімді шешімін табу бойынша сұрақтар қойдық. Ұтымды жауап бергендер ғана іріктеліп алынды.
Ал бүгін шешуші кезең. Финалға 15 жас суырылып шыққан. Олардың барлығы – талай жыл ерікті болып қызмет етіп жүрген жастар. Сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушыларға өздерін таныстыру тапсырмасы берілді. Кейін қазылар алқасы – әр саланың тұтқасын ұстаған мамандар сұрақтарын қойды. Шешуші кезеңде әр қатысушы өз өнерін көрсетті. Еңбекқор әрі талантты жастардың бірі – Дария Аманкелді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқитын бұрымдының волонтерлікпен айналысқанына 3 жылға жуықтапты.
ДАРИЯ АМАНКЕЛДІ, байқауға қатысушы:
— Еріктіліктің түр-түрі болады. Мен өзімді негізінен қоғамдық және спорт волонтерімін деп айтар едім. Көптеген спорттық шараның координаторы болып қызмет етемін.
Шара соңында “Мистер және Мисс волонтер” анықталады. Сондай-ақ, әр номинация бойынша да үздіктер анықталады.
Ақтолқын Солтанханқызы