Білім

Петропавлда колледж студенттерінің кәсіби шеберлігі сыналды

Петропавлда колледж студенттері арасында облыстық кәсіптік шеберлік байқауы өтті. Сайысқа техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алатын 30-дан астам жас қатысты. Шара “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында ұйымдастырылып отыр.

СЕРІК ҚҰЛАТАЕВ, Жоғары Солтүстік Қазақтан кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

— Байқау 3 бағыт бойынша өтуде. Олар: автомобильге техникалық қызмет көрсету, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығын механикаландыру.

Бұл жай ғана сайыс емес, байқауда студенттер кәсіби шеберліктерін шыңдап, өздерін таныта алады. Одан қалды, жаңа таланттардың ашылуына мүмкіндік береді. Мына автодромда қатысушылар тракторды тізгіндеп, сынақтардан өтуде. Яғни, студенттердің техниканы қалай басқаратындығы сыналуда. Олар жол қолғалысы ережесін сақтай отыра әрекет етуі міндетті. Егер шалыс басса, нәтижесі бірден жойылады.

КИРИЛЛ ДАВИДКЕВИЧ, студент:

— Колледжде “Механизатор” мамандығы бойынша білім аламын. Кішкентай кезімнен техникаға жақын болдым. Әр жаз сайын әкеммен бірге шөп, отын әкелетінмін. Трактордың қыр-сырын одан әрі үйрену үшін аталған білім ордасына түстім. Бүгінгі байқау мен үшін қиынға соғып жатқан жоқ. Қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап бердім. Автодромда да жақсы өнер көрсеттім. Сайыста жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Колледжде бұл байқаудан бөлек жас құтқарушылар арасында квест ойыны өтіп жатыр. Сайысқа қала және аудан колледждерінен 50-ге жуық студент қатысты. Әр кезеңде қатысушылар адамдарды құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережесі бойынша тапсырмалар орындайды.

СЕРІК ШАҚАБАЕВ, Жоғары Солтүстік Қазақтан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

— Сайысқа 10 колледжден қатысушылар келді. Квест ойыны 12 кезеңнен тұрады.

Мұндай квест ойындар жастарға табиғи апат пен жазатайым оқиға кезінде тез әрі тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

 

Нұрасыл Ахмет