Спорт

Петропавлдық муайтайшылар әлем чемпионатынан 7 медальмен оралды

Теріскейлік муайтайшылар шетелден кубокпен оралды. Қыркүйектің 10-ы мен 20-сы аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Жарысқа 100-ден астам мемлекеттің спортшылары қатысты. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Дүбірлі додада ел намысын 61 муайтайшы қорғады. 12-сі – солтүстікқазақстандықтар. Әлем чемпионатына қатысушыларды жақындары мен жора-жолдастары жаттығу залында салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті.

Спортшылар бәсі биік жарыстан құр қол қайтқан жоқ. Олар қоржынға қос алтын, бір күміс және 4 қола медаль салды.

ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

— Спортшылар жақсы өнер көрсетіп, әрқайсысы кемінде екі жекпе-жек өткізді. Облыстан барған екі жасөспірім әлем чемпионы атанды. Екеуі де тартысты, әсерлі өнер көрсетті. Әр спортшының көрсеткен нәтижесіне ризамын.

ДАСТАН МЫРЗАБАЙ, муай-тайтан әлем чемпионы:

— Жарыстан өте ерекше әсер алдым. Мұндай деңгейдегі додаға бірінші рет қатыстым. Қарсыласым осал болған жоқ. Әлем чемпионы атанғаныма әлі сене алар емеспін.

Салтанатты жиында муайтайшыларға мақтау сөздер айтылды. Орын ала алмай қалған ұл-қыздарға еш қаймықпай, алға жылжу қажет делінді. Мадали Табулдинов – күміс алқа иегері. Ол қарсыластарының жақсы дайындалғанын, кездесудің оңайға соқпағанын жеткізді.

МАДАЛИ ТАБУЛДИНОВ, муай-тайдан өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

— 14 және 15 жастағылар арасындағы 67 келі бойынша төбелестім. Екі кездесу өткіздім. Біріншісінде француз спортшысымен шықтым. Екіншісі Канада спортшысы болды. Жеңіске жете алмадым, келесі жолы міндетті түрде аламын.

Енді боксшылар Омбы қаласында өтетін халықаралық турнирге дайындала бастайды. Тағы жыл соңына дейін Оңтүстік Азия және Исландия ойындарында күш сынастырады.

 

Мәдина Қаби