Ауыл шаруашылығы

Өңір тұрғыны агрономдарға арналған платформа ойлап тапты

Мемлекет басшысы сан салаға жасанды интеллектіні белсенді енгізу қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бұл ой петропавлдық Ерболат Алпысбаевқа ерекше әсер етіп, ол жаңа жоба жасауды қолға алады. Зерттей келе ауыл шаруашылығы өңірдегі ең басты салалардың бірі екенін түсініп, осы бағытта «ИИ-агроном» атты платформа ойлап тапты. Бұл – фермерлер үшін сенімді көмекші.

ЕРБОЛАТ АЛПЫСБАЕВ, жоба авторы:

Агроном ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйеніп, ауа райы мен өнімнің шығымдылығы туралы болжам мен талдау жасай алады. Қазір ауыл шаруашылығы басқармасымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Платформаны бір ай көлемінде қолданып көрдім. Ол әрбір ақпаратты қабылдап, қорытып отырады.

Платформа арқылы өнімділік, ауа райының болжамы, астық сапасы, өсімдік аурулары сияқты маңызды мәлімет алуға болады. Бастысы, оның бәрі бір жүйеге шоғырландырылған. Болашақта оның мүмкіндіктері одан сайын арта түседі. Қазірдің өзінде мұнда еңбек биржасы бар, яғни бос жұмыс орындары жарияланады. Сондай-ақ, сауда алаңы жұмыс істейді. Аталған кеңістікте ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен құрал-сайман сатуға болады.

ЕРБОЛАТ АЛПЫСБАЕВ, жоба авторы:

— Жүйе делдалсыз тікелей сауда жасауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтерді де осы жобаға қосқым келеді. Бұл қызмет сапасын жақсартып, уақытты үнемдеуге және жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.

Ерболат Алпысбаевтың басқа да пайдалы жобалары бар. Соның бірі – жасанды интеллектке негіздеген фитнес-жаттықтырушы. Ол тағамның суреті арқылы оның калориясын, құнарлылығын анықтап, тамақтану күнделігін жүргізіп, тіпті рецепт де ұсына алады.

 

Мәдина Қаби