Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дайындау оңай емес. Бұл мәселені шешу үшін балабақша мен білім ұяларының арасында сабақтастық болу қажет. Сол мақсатта қалалық С. Мұқанов атындағы №32 орта мектепте ашық есік күні өтті. Шараға өңірдің түкпірінен ұстаздар келіп, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
НАТАЛЬЯ БУКАТОВА, қалалық С. Мұқанов атындағы №32 орта мектебінің директоры:
— 5 Бұл мәселені біріксек қана шеше аламыз. Ата-аналардың көбі балаларының мектепке баруы үшін тек әріптерді танып, санай алса болды деп ойлайды. Бұл – мүлдем қате түсінік. Жеткіншек психологиялық тұрғыда да дайын болуы тиіс. Себебі, кішкентай ұл-қыздар білім ұясының табалдырығын аттаған кезде есейгісі келмей ауыр кезеңді бастан өткереді. Осы сәтте мұғалім мен ата-ана тарапынан екіжақты көмек болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине, ойын баласына мектепке бейімделу оңай емес. Бірақ, мұғалімдер сабақты заманауи бағытта өткізсе, бұл мәселе шешілер еді. М. Жұмабаев ауданынан келген Айнұр Қоспақпаеваның ұстаздың жолда жүргеніне 25 жылдан асқан. Педагог – оңтүстіктің тумасы. Теріскейге көшіп келгеніне 1 ай ғана болыпты. Ол екі өңірдің білім беру саласында біршама өзгеріс барын жасырмады.
АЙНҰР ҚОСПАҚБАЕВА, Надежка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, М. Жұмабаев ауданы:
— Менің ойымша, балаларды қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект арқылы оқыту қажет. Себебі, олар туылғаннан смартфондарға, әлеуметтік желіге құмар болып өсті.
Ашық есік күні шарасы қаланың түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Ұстаздардың басқосуы аталған өзекті мәселені шешуге зор септігін тигізетіні сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет