Мәдениет

Қазақ әдебиетінің қос ірі өкіліне арналған әдеби кеш

Бүгін С. Мұқанов атындағы кітапханада “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы аясында “Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары” атты әдеби кеш өтті. Шара қазақ әдебиетінің қос ірі өкілі – қаламгер, сыншы әрі аудармашы Тәкен Әлімқұлов пен ақын, жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылығына арналды. Бәрімізге мәлім, Жұмекен Нәжімеденов мемлекеттік әнұранның сөзін жазған қайраткер ақын.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:

— Біздің жаққа қонысаударушылар келіп жатқанда қазақ мектептері жабылып, қуғын көрген сәтте осы Жұмекен Нәжімеденов 21 жасында “Менің Қазақстаным” деп өлең шығарған. Кейін Шәмші Қалдаяқов ән шығарады.

Ал Тәкен Әлімқұлов – қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі. Өз заманында оқырманын терең ойға жетелеп, қазақ халқының өмірі мен болмысын шынайы әрі терең бейнелеген жазушы. Қаламгердің шығармашылық қыры мен өмір жолы жөнінде М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың “Қазақ тілі және әдебиеті” кафедрасының аға оқытушысы Жазира Көкбас кеңінен әңгімеледі.

ЖАЗИРА КӨКБАС, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ТжӘИ “Қазақ тілі және әдебиеті” кафедрасының аға оқытушысы:

— Ұлтымыздың құрметті жазушысы Тәкен Әлімқұловтың артта қалған әдеби шығармалары өнер тақырыбына арналған.

Іс-шараға университет пен колледж студенттері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар жастарға аталға тұлғалардың мұрасын ұмытпай, шығармаларын оқып, өнегесін жадына сақтап жүруді қаперге салды.

 

Мәдина Қаби