Кәнігі алаяқтар арам ойын жүзеге асыруда аңғал жастарды пайдаланып жатады. Ал заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Алданған адам мен алдаушының арасында жалғаушы болған жанды дроппер дейді. Жуырда ҚР Қылмыстық кодексіне өзгелердің ақшасын алаяқтарға жеткізу үшін өз төлем құралдарын пайдалануға беруді, яғни дропперлікті қылмыстық жауапкершілікке тарту нормасы енгізілді.
Интернет-алаяқтар дропперлерді көбіне әлеуметтік желі арқылы тартады. Полицейлер 300-ге жуық студенттің басын қосып, бұл әрекеттің қате қадам екенін түсіндірді. Жиынға киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері, банк секторының өкілдері және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары қатысты.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі:
— Түсіндіру шарасына 1-ші, 2-ші курста оқитын жастарды шақырдық. Оларға интернет-алаяқтықтың негізгі схемалары түсіндірілді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстегі 232-1-баптағы өзгерістер, яғни дроптарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы айтылды.
Енді қашықтан жасалатын алаяқтыққа қатысу қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Ол үшін ірі айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.