СҚО әкімдігі

Ғауез Нұрмұхамбетов: ТҮКШ саласын цифрландыру халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етеді

ТҮКШ саласын цифрландыру – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Бұл өзекті мәселеге Президент өз Жолдауында баса назар аударды. Әр өңірге бірқатар тапсырма берілді. Облыстық әкімдік отырысында сөз сөйлеген цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында мына жобаларды қолға алу қажеттігін айтты. Олар: инженерлік желілерді есепке алу және бақылау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу, апаттарды және тұтыну динамикасын болжау үшін жасанды интеллектіні пайдалану және ақпараттық технологиялар саласындағы қызметкерлердің санын арттыру.

АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

— Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2019 жылы тұрғындардың сұранысы бойынша “109” бірыңғай байланыс орталығын іске қостық. Ол адамдарға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Биыл басқармаға тұрғындардан 16 мың 500 өтініш келіп түсті. Оның 70 пайызы ТҮКШ саласына қатысты. Мәселелердің 63 пайызын орталықтың көмегімен шештік.

Басқарма мамандары биыл тұрғындардың ары-бері сандалып жүрмесі үшін “SqoQyzmet.kz” порталын іске қосыпты. Бұл қосымша арқылы тұрғындар жарықпен, сумен, жылумен қамтамасыз етіп отырған компаниялармен үйде отырып-ақ келісімшартқа отыра алады. Біз ТҮКШ саласының қызметін күнделікті пайдаланамыз. Жасыратыны жоқ, сала жиі сын садағына ұшырап жатады. Сондықтан аталған секторға цифрландыруды енгізу заман талабы емес, қарапайым қажеттілік, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Қазіргі таңда облыста ТҮКШ саласында мың адам жұмыс істейді. Біз олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі курс өткізуіміз қажет. Аталған секторға жасанды интеллектіні енгізу – күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Әрине, бұл жобаны ойдағыдай атқару оңай шаруа емес. Қомақты қаржы қажет. Бірақ, біз өз тарапымыздан қолдан келген шараның барлығын жасаймыз. Берілген тапсырма тез арада орындалуы тиіс.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы жыл соңына дейін саладағы кадр тапшылығын жою мақсатында жастарға арналған 9 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

 

Нұрасыл Ахмет