Қоғам

Есіл ауданында “Ауыл әйелі – ел мақтанышы” атты форум өтті

Қоғамда әйелдер қауымының рөлі артып, оларға артылар жауапкершілік те көбеюде. Табиғаты әлсіз демесек, білімі барын биліктен, қолынан іс келетінін кәсіптен көреміз. Мемлекет тарапынан нәзікжандыларға арналған түрлі жобалар іске қосылуда. Бірақ, бұл жайлы ауыл әйелдері біле бермейді. Сол мақсатта Явленка ауылында “Ауыл әйелі – ел мақтанышы” атты форум өтті. Шарапаты мол шараны “Ауыл” партиясы мен аталған аймақтың әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

РҮСТЕМ АРМАН, “Ауыл” партиясы СҚОФ консультанты:

— Форумның басты мақсаты – ауыл әйелдерінің еңбегін насихаттау. Нәзікжандылардың қолынан бәрі келеді. Шара арқылы олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, саясатқа және бизнеске жол ашқымыз келеді.

Форумға Есіл ауданының белсенді әйелдері шақыртылған. Олар келген меймандарға арнап көрме ұйымдастырды. Оның ішінде бұйымдардан бастап тағамдарға дейін бар. Әрқайсысы көздің жауын алады, дәмі тіл үйіреді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 15 мыңнан астам әйел өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл өңірдегі шағын және орта бизнес субьектілерінің 42 пайызын құрайды. Солтүстікқазақстандық нәзікжандылар көбінесе сұлулық салонын ашқанды құп көрген.

ГҮЛСТАН ЖАРАСБАЕВА, жеке кәсіпкер:

— Өзім кір сабын өндірумен айналысамын. Кәсіпкерлікті қолға алғаныма 3 жылдан асты. Өнімді Астана, Көкшетау қалалары мен облыстың түкпір-түкпіріне саудалаймын.

Көрмеден кейін Астана, Алматы қалаларына келген спикерлер нәзікжандыларға ораторлық шеберлік пен жеке кәсіпкерлік жайлы бар білгендерін үйретті. Мемлекет тарапынан әйелдерге арналған қандай бағдарламалар бар екенін көрсетті. Шараға барлығы 200-ден астам адам қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет