Спорт

Саяхатшы болсаң қауіпсіздік шараларын да біл!

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

— Бұл қабырға – нағыз таудың шағын көшірмесі. Қол-аяғыңызды дұрыс қойып, жоғарыға өрмелеу – тек физикалық күшті ғана емес, батылдықты да талап етеді. Ал ең бастысы мұнда қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етілген.

Қазір демалушылардың арасында тау-тасқа өрмелеу жиі кездеседі. Осы ретте мамандар табиғат аясында биіктікке шығудың қауіпсіз тәсілін меңгеру – скалодромдарда жаттығу дейді.

СЕРІК ШАҚАБАЕВ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

— Бірінші соқпаққа енді үйреніп жатқандар міне алады. Екіншіге кәсіби мамандар өрмелейді. Қабырғаға тек студенттер ғана көтерілмейді, кәсіби мамандардың өзі де келіп осы жерде жаттығады.

Кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері тау-тасқа шығудың қыр-сырын “Альпинизм” сабағында меңгереді. Скалодромда олар күштерін сынап қана қоймай, дұрыс қозғалыс техникасын пысықтайды.

АЙДОС ОРЫСБЕК, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

— Біз жақында Имантауда облыстық жарыста болдық. Ол жерде 5 кезеңнен өттік. Біріншісі – жүзу, келесісі – тауға міну.

Яғни, білген адам қауіптен де құтылады. Туристің тауға мінуін мініп алып, түсе алмаған кездері туралы талай рет естідік. Тіпті, тау-тастың арасында аңдап баспаған жағдайда құлап, қатты жарақат алуға да болады. Ол үшін жағдайға көз жұма қарамай, қауіп-қатерді шамалай білген жөн дейді мамандар. Осы ретте елімізде өмірге қауіп төндіретін қол жетпейтін жерлердің, су, тау және спелеологиялық объектілердің тізбесі құрылды.

НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕГЕН, СҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының инженері:

— Тізбеге 254 объект кіреді, оның ішінде туристер үшін тартымды 7 көркем таулы орын Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан. «Екі ағайынды» шоқысы, Ақан сері төбесі, «Буян» шатқалы, Қазантау тауы, Имантау көлінің жылан аралы, «Бүркіт тауы» шоқысы. Бұл маршруттар адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді, әсіресе мұндай жорықтарға дайын емес адамдарға қатысты.

Одан бөлек, демалушылар тау-тасты аралаудың алдында өзімен бірге компас, арқан, су және азық-түлік ала шығуы керек. Далада жабайы жануарлардың да жүргенін естен шығармаған абзал.

 

Мәдина Қаби