Петропавлда бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты бастау алды. Дүбірлі дода 10 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Спортшылар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтамақ.
ЕСЕНГЕЛДІ КӨКБАС, бокстан СҚО аға жаттықтырушысы:
— Жарысқа барлығы – 42 спортшы қатысуда. Жеңімпаз атанған былғары қолғап шеберлері қараша айында өтетін ел біріншілігінде өңір намысын қорғайды.
Алғаш болып ринг төріне қос петропавлдық спортшы шықты. Төреші белгі бергеннен-ақ боксшылар бірден шабуылға көшті. Бір-біріне оңды-солды соққы жасап, қоржындарын ұпаймен толтырудың амалын жасауда. Алғашқы раундта көк бұрыштағы спортшы басымдығын көрсетіп, рингте кімнің қожайын екенін дәлелдеді.
Екінші раунд алғашқысындай өрбіді. Көк бұрыштағы былғары қолғап шебері Мейірбек Кереев шабуылды қарша боратты. Тіпті, қарсыласын бір есеңгіретіп алды. Осылайша, чемпионаттағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жасөспірімнің бокспен айналысып жүргеніне 4 жылдан асқан. Қазіргі таңда ол Петропавлдағы спорт мектеп-интернатында тәлім алады.
МЕЙІРБЕК КЕРЕЕВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
— Жарысқа 1 ай дайындалдық. Қарсыласым мықты екен. Менің кумирім – Геннадий Головкин. Өткен жылы облыс чемпионатында жеңімпаз атандым.
Қазіргі таңда облыста мыңға жуық адам кәсіби түрде бокспен айналысады.