СҚО әкімдігі

Облыстық әкімдік отырысы

Бүгін облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Олар: Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру және жылыту маусымына дайындық. Мінберге шыққан экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант аймақ экономикасын дамыту бағытында қандай жұмыс атқарылуы қажеттігін жіпке тізді.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2030 жылға дейін облыста 4 халықаралық өткізу пункті жаңғыртылуы тиіс. 9 мың гектар иесіз жатқан жерді игеруіміз қажет. Әр салаға жасанды интеллекті енгізуіміз керек. Одан қалды, “Қызылжар” ФК 2028 жылға дейін жеке кәсіпкердің қолына өтуі тиіс. Осы айтылған жобаларды жүзеге асыруда әр басқарманың жүйелі жұмыс атқаруын сұраймын.

Берілген тапсырманы бұлжытпай орындау қажет. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ғауез Торсанұлы аудан әкімдіктері мен басқарма басшыларына бірігіп жұмыс істеу керектігін айтты. Алда жылыту маусымы келе жатыр. Маңызды кезеңге дайындық жайында облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев айтып берді.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

— СҚО-да жылыту маусымына 41 млрд теңге бөлінді. Бүгінді таңда 470-ке жуық қазандық қысқа дайын. Бұл жалпы жоспардың 99 пайызын құрайды. Білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласы нысандары маңызды кезеңге толықтай әзір. Ал көпқабатты үйлердің дайындық көрсеткіші 80 пайызды құрайды. Осы ретте қуанышты жаңалықпен бөліссем, Петропавлдағы 2-ЖЭО-дағы 180 метрлік мұржа қыркүйектің 30-ы күні іске қосылады.

Қыстан қысылмай шығамыз десек ертерек қамданған жөн. Қазіргі таңда өңірде көмір саудасы қызған. Алайда, халықтың белсенділігі төмен екен. Бұл жалғаса берсе теміржол тұйықтарында ұзын-сонар кезек пен қара отын тапшылығы орын алуы ықтимал. Қыркүйекте облысқа 766 вагон қара отын жеткен. Бұл шамамен 52 мың 525 тоннаны құрайды. Алқалы отырыс барысында Айыртау мен Ақжар аудандарында қазандықтардың жылыту маусымына толықтай дайын емес екендігі анықталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— 28-қыркүйекке дейін бұл мәселені шешуді тапсырамын. Сіздер сәуір айында жеткілікті көлемде қаржы бөлінді. Неге мүмкіндікті пайдаланбайсыздар? Нұрлан Маратұлы, Данияр Қуанышұлы аталған аудандарға барып, жұмыстың жүйелі атқарылуын қадағалаңыздар. Түйткіл шешілмейінше Петропавлға келмеңіздер. Егер маңызды істер уақытылы орындалмаса қатысы бар жандардың барлығы жауапкершілікке тартылады.

Алқалы отырыс соңында облыс әкімі халықтың тұрмысын жақсарту басты міндет екенін атап өтіп, басқармалар мен аудандардың тізгінін ұстап отырған жандарға бірқатар тапсырма берді.

 

Нұрасыл Ахмет