Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдану – табыстың көзі

Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен бақылау жасаудың тиімділігін арттыру қажет. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымдылығына, дәнді дақылдардың жай-күйіне мән беруге тиіспіз. Сонымен қатар, заман игілігі арқылы қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуы керек. Бұл сөздерді Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан болатын. Аталған бағытта солтүстікқазақстандық диқандар ауқымды жұмыс атқарып жатыр.

АЛЕКСЕЙ БРЕДУН, “Бредун” КС директоры, Мамлют ауданы:

— Серіктестікте 2 агродрон бар. Бұл қондырғы арқылы алқаптарымызға минералды тыңайтқыш, химиялық сұйықтық шашамыз. Ыдысының сыйымдылығы 40 литрді құрайды. Мұндай технологиямен 1 ауысымда 150 гектарды өңдеуге болады. Бұрынғыдай техникамен бірнеше күн қиналып жүрмейміз.

Ескі техникамен жетістікке жету қиын. Мемлекет басшысының еңбеккерлерге жеткізгісі келгені де осы. Мәселен, жаңа трактор ескісінен 3 есе артық жұмыс істейді. Уақыт та үнемделеді, жұмыс та өнеді. “Бредун” КС жасанды интеллектіні де өз пайдасына жаратуда.

АЛЕКСЕЙ БРЕДУН, “Бредун” КС директоры, Мамлют ауданы:

— Қазіргі таңда “Cropwise Operаtions” қосымшасын қолданамыз. Бұл арқылы біз алқапқа техниканы кіргізбей-ақ қанша центнер өнім алатынымызды білеміз. Заман игілігі қаражатты да, уақытты да үнемдеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні пайдамызға жаратып, мол пайдаға кенелгіміз келеді.

“Бредун” – Мамлют ауданындағы шоқтығы биік серіктестіктердің бірі. 5 мың гектар аумаққа дән себеді. Шаруашылық қазан айының басында орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отыр.