Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында егін жинау науқанының уақтылы әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда еліміз аумағында егін жинау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ал оңтүстік өңірлерде егін орағы аяқталуға жақын. Алдын ала нәтижелерге оң баға беріліп отыр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарының маңызды екенін атап өтті. Осы стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал ететін басты шарттардың бірі – егін орағын сапалы өткізу. Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек.
Сонымен қатар, Премьер-министр жанармай мәселесіне ерекше назар аударып, барлық қажетті көлем қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізілуі тиіс екенін атап өтті. Жалпы, солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар. Ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына, астықтың сапасы мен көлеміне әсер етпеуі тиіс, деп атап өтті Олжас Бектенов. Отандық өнімді өткізу мәселесінде де жүйелі тәсіл қажет.
Басты міндет – ішкі және сыртқы нарықтарға бәсекеге қабілетті өнім шығару. Ол үшін жеткізу тізбегінде отандық өндірушілерге қолдау көрсетілуі тиіс. Премьер-министр еліміздегі егін жинау науқанының барысын қарау қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін уақтылы қабылдап, кептіруді қамтамасыз етуі керек. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану қажет.