Құқық қорғау органдары

СҚО-да жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған “Қауіпсіз жол” акциясы өтті

Демалыс күндері өңірдің түкпір-түкпірінде “Қауіпсіз жол” акциясы өтті. Профилактикалық шараны прокурорлар мен тәртіп сақшылары бірлесіп ұйымдастырды. Құқық қорғау органдарының өкілдері қала мен елді мекендердің ішіндегі, республикалық маңызы бар жолдардағы жүргізушілермен кездесті. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.

КЕНЕСАРЫ МҰХАМЕТЖАНОВ, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:

— Акцияның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Өкінішке қарай, жыл басынан қаншама жерлесімізден айырылдық. Сонымен қатар, профилактикалық шара арқылы жүргізушілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруды көздейміз. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, рөл тізгіндеген жандар мен жаяу жүргіншілер талапқа мойынсұнбайды.

Дұрыс маневр жасамау, масаңдық, белгіленген жылдамдықтан асыру. Жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі осылар. Жауапсыз көлік жүргізушілердің өзіне ғана емес, өзгеге де зияны тиеді. Сондықтан, мұндай профилактикалық шараларды көптеп өткізу аса маңызды.

РИЗВАН ЮСИБОВ, СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

— Статистика көрсеткендей, апаттардың 86 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған. Сондықтан, біз тәртіп сақшыларымен бірлесіп “Қауіпсіз жол” акциясын өткізіп отырмыз. Мүмкін осындай шаралардың нәтижесінде жайсыз жайттардың саны азаяр.

Құқық қорғау органдарының өкілдері шара аясында 70-ке жуық жүргізушімен кездесті. Олардың арасында қала тұрғыны Галина Воробьева да бар.

ГАЛИНА ВОРОБЬЕВА, қала тұрғыны:

— Көлік тізгіндегеніме 19 жылдан асты. Барынша ережені сақтауға тырысамын. Қала тұрғындарын да талапқа мойынсұнуға шақырамын. Себебі, бізді үйде отбасымыз күтіп отыр. Ең алдымен осыны ойлауға тиіспіз.

Прокурорлар мен тәртіп сақшылары қоғамдық көліктердің жүргізушілерімен де кездесті. Себебі, олар ондаған адамның өміріне жауапты. Осы ретте статиститкаға көз жүгіртейік, 8 айдың ішінде облыста 362 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 28 адам қаза тауып, 500-ге жуығы түрлі дене жарақатын алды.

 

Нұрасыл Ахмет