Қоғам

Ресейлік танымал аспаз шеберлік сағатын өткізді

Петропавлға Ресейден америкалық мәрмәрлі сиыр мен шошқа етінен тағам дайындаудың хас шебері Павел Галковский келді. Ол қаладағы мейрамханалардың бірінде солтүстікқазақстандық аспаздармен кездесті. Ас пісірудің шебері әріптестеріне дәмі тіл үйіретін тағам әзірлеуді үйретіп жатыр.

Маман америкалық мәрмәрлі сиыр мен шошқа етінен тағам дайындауды бес саусағындай біледі. Бұл істі өнер десе де болады. Өйткені, қалыптасқан рецепттен басқа, шабыт келгенде мәзірді де өзі ойластырады екен. Мәскеудегі мейрамханалардың бірінде бас аспа болып болып жұмыс істейтін азамат шетелдіктердің талғамы жайлы айтты.

ПАВЕЛ ГАЛКОВСКИЙ, аспаз, РФ:

— Америкада, Еуропа елдерінде америкалық мәрмәрлі сиыр мен шошқа етін сүйіп жейді. Себебі, еттің бұл түрі ағзаға өте пайдалы деп санайды. Тіске өте жұмсақ, шырынды, ақуызға толы. Тек күніне 70 граммға дейін ғана тұтыну қажет. Мәрмәрлі сиыр еті тек Жапония, АҚШ және Францияда ғана бар. Солтүстікқазақстандық аспаздарға бар білгенімді үйретіп, ешкім білмейтін рецепттерімді көрсеткім келеді.

Тағам әзірлеуде оның дәміне ғана емес, безендірілуіне де баса мән берген жөн дейді бас аспаз. Бұл ретте азаматтың тәжірибесі айтарлықтай мол. Оның бұл салада жүргеніне 27 жылға жуықтапты. Шеберлік сағаты теріскейлік аспаздардың көңілінен шықты. Бүгінгі басқосудан кейін қала мен аудандардағы мейрамханалардың мәзірлерінде жаңа тағамдар пайда болуы мүмкін.

АНДРЕЙ ФРОЛОВ, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы төрағасының міндетін атқарушы:

— Шетелдік аспаздан үйренгенімізді өз пайдамызға жаратамыз. Бұл тағамдарды меймандар сүйіп жейді деп ойлаймын. Одан қалды, елімізде етті жақсы көреді ғой. Бұрында мәрмәрлі сиыр еті жайлы көп еститінмін. Бірақ, адам ағзасына мұншалықты пайдалы екенін білмеппін.

Шараға 40-қа жуық аспаз қатысты. Олардың арасында колледж студенттері де бар.

 

Нұрасыл Ахмет