ҚоғамҚұқық қорғау органдары

Петропавл қаласының тұрғындарына апатқа ұшыраған көліктер көрсетілді

Петропавлда тәртіп сақшылары тұрғындарға апатқа ұшыраған көліктерді көрсетті. Осы арқылы полицейлер азаматтарға жол-көлік оқиғаларының неге әкеп соғатынын жеткізгісі келеді. Шара “Қауіпсіз жол” акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған құтқарушылар, дәрігерлер мен “Қазавтожол” серіктестігінің өкілдері қатысты.

СҚО-да 8 айдың ішінде 362 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 324-і жүргізушілердің кінәсінен болды. Тәртіп сақшылары шара барысында осыны да алға тартты. Рөл тізгіндеген жандар көбінесе маневр жасау және қиылыстардан өту қағидаларын бұзып, жылдамдықты шектен тыс арттырған. Келеңсіз оқиғалардың көбі 18:00 мен 20:00-дің арасында орын алған.

ЖАСҰЛАН СӘДУӘҚАСОВ, СҚО ПД ППБ взвод командирі:

— Шара арқылы жол-көлік оқиғаларының салдары қандай болатынын көрсеткіміз келді. Рөл тізгіндеген жандарды жол бойында барынша мұқият болуға шақырамыз. “Қауіпсіз жол” акциясы аясында әлі бірнеше профилактикалық шара өткізілетін болады.

Жол қателікті кешірмейді. Талаптарға мойынсұну заң мен тәртіпке деген құрметті ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 

Нұрасыл Ахмет