Сапар барысында облыс әкімі жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысымен танысты. Бұл – еліміздегі ең ауқымды жобалардың бірі. Ауданның жаңа ферма кешені 3600 сиырға арналған. Мұнда жылына 25 мың тоннадан астам сүт өндірілетін болады. Бір мезгілде 100 бас сиырды сауып алуға мүмкіндік беретін сауын апараты орнатылған. Бұл жабдық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ең ірі болып саналады. Әкім құрылысшылармен сөйлесіп, жұмыстардың барысын бақылап шықты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл – өңірдегі ең ірі шаруашылықтардың бірі. Қазір кейбір фермаларда мал саны 9 мыңға дейін жетеді. Бірақ олардың сауу қондырғылары небәрі 80 басқа арналған. Ал Зенченко Геннадий Геннадьевичтің фермасында 8 600 сиыр бар, сауын апараты 90 басқа лайықталған. Сондықтан мұны да кеңейту қажеттігі бар.
Жаңа кешеннің ең басты артықшылығы – мал басына қолайлы жағдай жасалған. Ғимараттардың жобасы ауаның үздіксіз алмасуын қамтамасыз етеді. Жаз айларында қора-жайдың бүйіріндегі перделер көтеріліп, нысан ашық алаңға айналады. Қыста арнайы желдету жүйесі арқылы температура қалыпты деңгейде сақталып, сиырларға жайлы орта жасалады.
Өңір басшысы сапар барысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен де жүздесті. Әкім диқандардың еңбегін ерекше атап өтіп, биылғы астық көлемі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін айтты. Бұл – дер кезінде жасалған агротехникалық шаралар мен егіншілердің табанды еңбегінің нәтижесі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Маған Николай Юрьевич биылғы өнімнің жақсы болғанын жеткізді. Оның айтуынша, астық көлемі өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Бұл – сіздердің табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Сол үшін баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін.
Егін науқанының қызған шағы. Серіктестіктің бас агрономы Хафиз Амановтың айтуынша, биылғы жұмысқа 20-дан астам техника тартылған. Оның сөзінше, науқанның сәтті басталуы шаруашылыққа жоспарды толық әрі уақытылы орындауға жол ашпақ. Диқандар қазір бір мезгілде бірнеше алқапта жұмыс істеп, астықты дер кезінде жинап алуға күш салып жатыр.
ХАФИЗ АМАНОВ, «СК Агро 2050» компаниясының бас агрономы:
— Қазіргі уақытта шаруашылықта егін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз қазір 32-ші алқаптамыз, көлемі – 316 гектар. Мұнда Sunset сұрпы егілген. Көршілес алқапта, яғни 25-ші егістікте, 325 гектарда да орақ науқаны жүргізілуде. Дәннің ылғалдылығы 18-20 пайыз аралығында болғандықтан, астықты бір мезгілде қаптарға салып, сондай-ақ тікелей қоймаға жеткізудеміз.
Осылайша, «СК Агро 2050» серіктестігінде қолға алынған жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан тауарлы-сүт кешені толық қуатына 2027 жылы шықпақ. Сол кезде серіктестік 120-дан астам жаңа жұмыс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтиды.