Қыс қатты болып, қар қалың жауған кезде далада жүретін жылқыларға қиынға соқуы мүмкін. Салдарынан мал көтерем болып, төл тастап жатады. Енді қақаған қаңтарда жылқы малы жер тепкілемей-ақ, тік өсіп тұрған рапс пен сұлыны жей алады. Бұл туралы Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылында өткен облыстық ауыл шаруашылығы семинарында айтылды.
АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
— Қар түскеннен кейін осы ауылдағы 80 бас жылқыны әкеліп, жаймақшымыз. Өйткені, төрт аяқтылар қыстыгүні төлдейді. Оларға қыстан аман шығу үшін күш-қуат қажет. Сол себепті, осы тәсілді қолданып отырмыз.
Бұл тәсілді енгізбес бұрын мамандар біраз тәжірибе жүргізген. Әр өсімдікті өз құнарлылығын сақтау мерзімі бойынша сынақтан өткізіпті.
АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
— Жануарларға қажетті витаминдердің барлығы сұлы мен рапстың бойында бар. Олар қыс кезінде осы тағамдарды жеуі қажет.
Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары семинарға қатысушылармен аталған тәжірибемен бөлісіп, қыста осы әдісті қолдануға кеңес берді. Жылда парға қалған жерлерге сұлы мен рапс егіп, үйірді далада күй жинату жолдарын түсіндірді.
БЕКЕТ ИМАНҚҰЛОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
— Бұл тәсілді дұрыс пайдалану үшін оны көктемде емес, жаз кезінде отырғызу қажет. Егер ертерек егіп қойса, ол дәнін шашып, парға қалған жерді бүлдіреді.
Жиынға қатысушылардың арасында сала мамандары, жеке кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары мен ауылдық округ әкімдері бар. Олар бұл әдістің пайдасы зор дейді.
ҚАЙРАТ БАБАКОВ, Аралағаш ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:
— Бұл жерден біз зор мағлұмат алдық. Басқа ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар да осы әдісті қолданатын болса, облысымызда ауыл шаруашылығы одан сайын жақсы дамитын еді.
Жалпы, семинарға 30-дан астам қатысушы қатысты. Олардың әрқайсысына сертификат табыс етілді.
Мәдина Қаби