Өңірде ішімдіктен түгел бас тартқан ауыл саны артуда. Қазірдің өзінде 18 елді мекен алкогольден ада болып, салауатты өмір салтын ұстануда. Қатарға Қызылжар ауданындағы Байсал ауылы да қосылды. Игі бастаманы ересектер мен жастар бірауыздан қолдады. Байсалдықтар Қызылжар ауданында алғашқылардың бірі болып «Сау ауыл» бастамасын қолдады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары демалыс күндері Ауыл күнін атап өтті.
Шараға Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов қатысты. Ол тұрғындарды мерекемен құттықтап, аудан мен облыстың гүлдену жолындағы игі бастаманы қолдайтындығын атап өтті.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
— Баршаңызды ауыл күнімен құттықтаймын. Ауылымыз байсалды болып, ішімдіктен бас тартып жатыр. Баршаңызға денсаулық, ашық аспан тілеймін.
Ауыл адамдары ауыл күнін бір адамдай атап өтті. Киіз үй тігіліп, көрме қанат жайды, спорттық ойындар ұйымдастырылды.
НАҒИМА ЕСКЕЕВА, Байсал ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Бүгін біздің ауылымызда үлкен қуаныш. Жүрек тебірентетін бақытты шақ.
Қоса кетейік, қазір Байсал ауылында 100-ден астам адам тұрады.
Мәдина Қаби