Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығыҚоғам

Елімізде ауыл шаруашылығы санағының оффлайн кезеңі басталды

Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағының оффлайн кезеңі басталды. Арнайы санақ жүргізетін интервьюер мамандар үй-үйлерді аралап, онлайн қатыспағандардан дерек жинауда. Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылының тұрғыны Күлшира Кәлімбетова мен жолдасында жалғыз жылқы және 30-ға жуық қаз бар. Бүгін интервьюер үйлерге кіріп, ауыл шаруашылығына қатысты сауалдарын қойды.

КҮЛШИРА КӘЛІМБЕТОВА, Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

— Мен пияз, картоп, жуа сияқты өсімдік өсіремін. Бағымның аумағы 6 метрдей болады.

Аққайың ауданында 16 мыңнан астам адам тұрады. Оның 6 мыңы – Смирново ауылының азаматы. Аудан орталығында аталғкан науқан аясында 3 интервьюер жұмыс істеп жүр. Олар күн сайын бірнеше үйді аралап, мәлімет жинайды. Мәселен, интервьюер Амангелді Ковеновке 400-ден астам үйге санақ жүргізу жүктелген.

АМАНГЕЛДІ КОВЕНОВ, Аққайың ауданы бойынша интервьюер:

— Тұрғындарға қойылатын сұрақтың барлығы бірдей. Ауыл шаруашылығына қатысты қандай дүниелері бар екенін сұрастырамыз. Жұмысты бүгін ғана бастап жатырмыз. Алда әлі талай үй бар.

Оффлайн науқан басталғанға дейін онлайн санақ жүргізілген болатын. Сол кезеңде ауыл шаруашылығымен айналысатын 300-ден астам серіктестік, шаруа қожағылығы және жеке кәсіпкерлік басшылары арнайы сайтта деректерін жазды.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР СЖРА ұлттық статистика бюросы СҚО департаменті басшысының орынбасары:

— Бүгінгі күнге санақтың онлайн кезеңі аяқталды. Бұл кезеңде 6 мыңға жақын жауапкершілігі шектеулі серіктестік, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және 14 мың үй шаруашылығы қатысты.

Жалпы, облыс бойынша қазанның 20-сына дейін 70 мың үй шаруашылығына сауалнама жүргізу жоспарланып отыр.

 

Мәдина Қаби