Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Нарықтық экономиканың дамуы, сауданың цифрландырылуы және тұтынушы тарапынан сұраныстың артуы заңнаманы үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Жыл басында Мемлекет басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұрын негізгі жаза ескерту болып табылса, енді заң бұзушылықтар үшін айыппұл санкциялары енгізілді.
ӘҚБтК-нің 190-бабының 5-бөлігіне сәйкес айыппұл салу көзделген жағдайлар:
- сатушы, уәкілетті орган және дауларды сотқа дейін шешу субъектілері туралы ақпараттың мемлекеттік және орыс тілдерінде болмауы;
- тауарды қайтару немесе айырбастау тәртібін заңда белгіленген мерзімде сақтамау;
- тұтынушының жазбаша шағымына жауап бермеу.
Айыппұл мөлшерлері:
- жеке тұлғалар: 5 АЕК, 10 АЕК;
- шағын бизнес: 10 АЕК, 20 АЕК;
- орта бизнес: 15 АЕК, 30 АЕК;
- ірі бизнес: 25 АЕК, 50 АЕК.
ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
— Жаңартылған нормаларға сәйкес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың құқықтарын бұзу бойынша істерді қарау құқығын алды. Оның құзыретіне мыналар кіреді: өлшемдеуде, тартуда, есептеуде алдау; тауардың немесе қызметтің сапасы туралы жаңылыстыру; тұтынушылардың алдаудың өзге түрлері.
СҚО-да тұтынушылардың шағымдануы жиілеген
Облыста тұтынушы тарапынан түскен шағым саны өскен. Биыл сегіз айда бейінді департаментте 350-ге жуық арыз тіркелген.
ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
— Шағымдарды қарау нәтижелері: 44,3% қанағаттандырылды; 23,7% құзыретіне сәйкес басқа органдарға жіберілді; 8,4% мәселе шешілгеннен кейін қайтарып алынды; қалғандары бойынша түсініктеме берілді. Осы өтініштердің нәтижесінде 18 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Департамент өкілінің айтуынша келіп түскен шағымдардың көбі бөлшек және электрондық саудаға қатысты. Осы ретте мамандар сатып алынған тауар мен көрсетілген қызметтің дәлелі ретінде міндетті түрде түбіртек алу қажеттігін ескертеді.