Қоғам

Солтүстікқазақстандық 15 жігіт әскерге аттанды

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте тепсе темір үзетін 15 жігітті әскер қатарына шығарып салу шарасы өтті. Мына азаматтар бүгін Өскемен қаласына аттанады. Олар ҰҚК Шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтемек. Болашақ сарбаздар 3 күн бойы іріктеліпті. Бейінді департамент басшысының орынбасары Әділ Мұхамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда сарбаздарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр.

ӘДІЛ МҰХАМБЕТОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

— Жауынгерлердің барлығы медициналық тексеріс пен психологиялық сынақтардан сүрінбей өтті. Қазіргі таңда жастар әскерге “SMS” арқылы шақыртылады. Азамат хабарлама келгеннен кейін 3 күннің ішінде өзі тұрып жатқан жердегі әскери бөлімге барып, тексерістен өтуі тиіс. Егер азамат Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарса, заңнамаға сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, темір тордың ар жағына тоғытылуы мүмкін.

Мінберге шыққан шенділер қаз-қатар сап түзеген жігіттерге жалынды сөздер мен жақсы тілектер айтты. “Отан үшін қызмет етуге дайынбыз” деп ұрандаған жастардың ішінде есілдік Әлішер Арғын да бар. Ол бала кезінен әскери адам болғысы келген екен.

ӘЛІШЕР АРҒЫН, әскерге шақырылушы:

— Әскерге бара жатқаныма еш өкінбеймін. Отан алдындағы борышты өтеу – әр ер азаматтың парызы. 1 жылдың ішінде өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, жоғары оқу орнына грант ұтып алғым келеді. Алда мақсат көп. Оның жүзеге асуына әскер зор септігін тигізеді деп ойлацмын.

Көп ұзамай ата-аналары мен жақындары балаларын құшақтарына алды. Араларында көз жасына ерік бергендер де аз болмады. Қазақстанда 1-қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқан басталды. Талап бойынша осы аралықта өңірден 500 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттануы тиіс.

 

Нұрасыл Ахмет