Облыс орталығы жылдан-жылға көркейіп, қарыштап дамып келеді. Жыл сайын алыстан көз тартатын нысандар салынуда. Бұл облыс орталығына келуші туристердің санын арттыратыны сөзсіз. Келуші меймандардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында Қызылжардың қақ ортасында “Самовар” қонақүйі ашылды. Жайлы орын 2 жылдың ішінде бой көтерді.
ВИКТОРИЯ ПОЛТАВЕЦ, “Самовар” қонақүйінің басқарушысы:
— Қонақ үйде 58 адамға шақталған 34 бөлме бар. Ғимараттың жалпы аумағы – 1200 шаршы метр. Мұнда тұрғындарға бар жағдай жасалған. Бөлме құнына таңғы ас кіреді. Нысанның дизайны да ерекше. Ішіндегі интерьер тапсырыс бойынша жасалған. Яғни, жиһаздар, аспалы шамдар мен түрлі дүниелер Петропавлда тек осы ғимаратта бар.
Қонақүйдегі жасалған жағдаймен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев танысып, оң бағасын берді. Жайлы орындағы бөлмелердің дизайны да ерекше. Перделер күннен қорғайтын матадан тігілген. Ал төсек-орын 5 жұлдызды қонақ үйдің стандартына сай. Нысан қаладағы танымал рестораторлардың бірі Сайран Хамзаның көңілінен шығыпты.
САЙРАН ХАМЗА, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы:
— Облыста осы сияқты сәулетті нысандар көптеп салынса туризм де қарыштап дамиды. Қонақүйде керектінің бәрі бар екен. Маған ұнады. Сарапшы ретінде ас үйінің да жағдайын көрдім. Тағамдары өте дәмді.
Кәсіпкерге қонақүйді тұрғызуға жергілікті әкімдік пен “Даму” қоры жәрдемдесті. Инвестициялық жоба құны – 1 млрд теңге.
Нұрасыл Ахмет