Бұлтқа жетпей шарт сынбас, ел құтқарар ер едім! Петропавлда “Махамбет оқулары”байқауының облыстық кезеңі басталды. 19-ғасырдағы ақберен ақынның шығармаларын насихаттауға арналған байқау жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Айта кету керек, шара онлайн түрде өтіп жатыр. Сайысқа қалалық және аудандық іріктеуде мықтылығын дәлелдеген 43 оқушы қатысуда.
ЖҰЛДЫЗАЙ ИМАНБЕКОВА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:
— Байқау 5 бағыт бойынша өтеді. Олар: шығармаларды жатқа оқу, сурет салу, мәнерлеп оқу мен күй орындау және берілген тақырыпты қорғау.
Махамбет толғаулары өзінің екпінділігімен, ырғақтылығымен ерекшеленеді. Халқының амандығы үшін жанын берген батыр баба өлеңдері әр қазаққа рух берері сөзсіз. Мұны түсінген байқауға қатысушылар сайысқа жауапкершілікпен қарап, әр өлеңді құлақтың құрышын қандыратындай қып орындауда. Байқау бүгін өз мәресіне жетеді. Қазылар оқушылардың мәнерлеп оқуына, дауыс ырғағына, жеткізе білу шеберлігіне ерекше мән берді.
Нұрасыл Ахмет