Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдау өткізді

Облыс әкімінің жеке қабылдауына Алматы қаласының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданының тумасы Жанат Етекбаев жүгінді. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан солтүстікқазақстандықтардың есімі жазылған бірегей мемориалдық кешен құруды ұсынды. Өңір басшысы бұл бастаманы қолдап, цифрлық форматтағы шешімге – QR-кодтары бар виртуалды деректер базасын әзірлеуге баса назар аударуды тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Өте орынды сұрақ. Алға жоспар қойып, қарастыру қажет. Ең бастысы – әр адам өзіне қажетті ақпаратты көре алуы тиіс. Бұл сұрақты қалай жүзеге асыруға болатынын ойластыру қажет. Меніңше, Жеңіс саябағына орналастырған дұрыс.

Әкімге жүгінгендердің қатарында Петропавл қаласының тұрғыны Абай Қайсин де бар. Ол Есіл және Егемен Қазақстан көшелеріндегі жол сапасына және үй маңындағы аумақты жиі су басатынын айтып шағымданды.

АБАЙ ҚАЙСИН, қала тұрғыны:

— Біздің үш үй әрдайым суда тұрады. Міне, бүгін де дәл сондай жағдай. Өткен жылы бақша өнімін жинай алмадық. Су көп қажет ететін қырыққабаттың өзі шіріп кетті. Жай ғана жұлып алып тастадық. Бақшада резеңке етікпен жүрсек те батып кетеміз.

Облыс әкімі тұрғынның уәжін тыңдап, мәселені зерттеп, су бұру бойынша техникалық шешім әзірлеуді тапсырды. Қабылдауға келгендердің арасында саяжай иелері де болды. Олар «Жемчужная весна» және «Ренет» бау-бақша серіктестіктеріне апаратын жолды қалпына келтіру мәселесін көтерді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жол ауыр жүк көліктерінің салдарынан бұзылып қалған.

ОЛЬГА ВЛАДЫКИНА, қала тұрғыны:

— Біз саяжайларға құм да, құрылыс материалдарын да жеткізе алмадық. Құрылыс тоқтап қалды. Құм тасу үшін көлік жалдаған едік, бірақ, уақытша үйілген топырақ жолдың үстімен жүргенде машина тұрып қалды. Себебі, онда нөсер суын ағызатын жүйе жоқ. Бәрін суретке де түсіріп алдық. Құмды өз қаражатымызға жеткізіп, жолды өз күшімізбен дұрыстауға тырыстық.

Өңір басшысы бұл жағдайды жеке бақылауына алды. Жолды қалпына келтіру жұмыстарын 25-ші қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Әкім аталған учаскеге барып, жұмыс барысын тексеретінін айтты.