Өңірде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім алшақтығын азайтуға бағытталған ауқымды жоба бастау алды. Ең шалғай орналасқан 39 ауылдық мектеп «СҚО-да цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына қатысып жатыр. Жоба аясында шағын жинақты мектептер жаңа кабинеттермен қамтамасыз етіліп, тірек мектептері мен Зияткерлік мектептерден әдістемелік қолдау алады. Мәселе облыс орталығында өткен семинар-кеңесте талқыланды.
КҮЛӘШ ШӘМШИДИНОВА, білім беруді тұрақты дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы:
— Біздің қор болашақта 10 жылға дейін 200 тірек мектебін қолдап отыратын боламыз. Тірек мектептер шағын жинақты мектептерге көмектесулері керек. СҚО әкімдігі, біздің қор, «Қазақстан халқына» қоры және “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ұйымы бірлесіп осы жобаны жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 6 мектепке универсалды кабинет, 33 мектепке ғылым кабинеті мен 33 цифрлық кабинет құрылды. Қазір мұғалімдерді оқыту процесі өтіп жатыр. НЗМ-дер тексеру жұмыстарын өткізді. Мұғалімдер мен директорларға диагностика жасады. Енді қазір оқушылардың диагностикасы өтеді.
Мамандар аталған жоба ауыл мектептерінде цифрлық трансформацияның негізіне айналды деп отыр. Шағын жинақты мектептер балаларға сапалы әрі заманауи білім алуға тең мүмкіндік беретін жаңа деңгейге көтерілуде. Нәтижесінде оқу процесіне цифрлық шешімдерді толық енгізу, барлық қатысушы мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, тірек және магниттік мектептер арасында орнықты желілік өзара іс-қимыл орнату мәселесі қолға алынған.
ТАЛАНТ ҚАБЫЛХАҚҰЛЫ, Уәлиханов ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі:
— Осы бағдарлама аясында өз ауданымыз бойынша айтар болсақ, біздің Уәлиханов ауданында да жоба жұмыс істеуде. 1 тірек мектебі және 3 шағын жинақты мектеп көмек алуда. Бұл жобаның мақсаты – ауыл мектептерінің білім деңгейін қала мектептерінікімен теңестіру. Осы жоба аясында жақында біздің ауданымызда шағын жинақталған мектептердің барлығы жақсы кабинеттермен жабдықталды. Бұл келешекте өз нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Аталған жоба бұған дейін Ақтөбе облысында жүзеге асырылған екен. 4 үлгінің ішінен тірек мектебінен магниттік мектептерге сабақ беру моделі тиімді деп танылған. Жобаны жүзеге асыру барысында мамандар жоғары нәтижеге қол жеткізген.
Данаш Хамза