Экология

“Таза бейсенбі” шарасы

Сенбілік, “Таза бейсенбі”. Облыс орталығында жыл басынан бері ұйымдастырылып жатқан тазалық шараларының санында есеп жоқ. Оның қоғамға да, қоршаған ортаға да пайдасы зор дейді ұйымдастырушылар. Неге? Өйткені, тұрғындардың ұйымшылдығы мен табиғатқа деген қамқорлығы артады, айнала тазарады. Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолында атқарылып жатқан іс-шараның бірі бүгін жергілікті университетте өтті. Оқытушылар мен студенттер қолдарына қап пен күрек-сыпырғыш ұстап, оқу орнының аумағын қураған жапырақтан, түрлі қоқыстан тазалады.

АЯЖАН СЕЙІТҚАСЫМ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Тазалық өзімізден басталады. Әрбіріміз жүрген жерімізді тазалап, маңайымызды шашпасақ дұрыс болатын еді. Өзім бірінші курстан бері осындай акцияларға қатысып жүрмін.

АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:

— Біз қазір студенттер қалашығының аумағын тазалаудамыз. Бұл жерде адам көп жүреді. Көзге көрінетін жерлердің бірі. Үнемі мұнтаздай таза болып тұруы тиіс. Мұндай тазалық шараларына жастар белсенді қатысады. Жыл басынан бері 150 тоннадан артық қоқыс жинаппыз. Игі шара үзілмейді.

 

Мәдина Қаби