Петропавлда полицейлер ер адамды өртеніп жатқан үйден алып шықты. Оқиға желісіне тоқталсақ, қыркүйектің 15-інен 16-сына қараған түні Островкий көшесіндегі тұрғын үйдің бірінен өрт шыққан. Баспананың отқа оранып жатқанын көрген көршісі бірден қалалық полиция басқармасының 2-ші бөліміне қоңырау шалады. Сол күні кезекшілікте болған учаскелік инспектор Жалғас Масанов пен патрульдік полиция батальонының қызметкері Жақсылық Көжелдәков бірден оқиға орнына аттанады.
Полицейлер оқиға орнына жеткен кезде баспананың бұрышы өртеніп жатқан. Есік құлыптаулы болыпты. Олар көршісінің көмегімен үйге кірген. Жедел әрі үйлесімді әрекет еткен тәртіп сақшылары ұйықтап жатқан ер адамды оятып, сыртқа шығарды. Қажетті заттар мен газ баллонын алып шығуға да үлгерді.
ЖАҚСЫЛЫҚ КӨЖЕЛДӘКОВ, қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:
— Сол түні болған оқиға әлі есімнен кетпейді. Ер адамды алып шыққан сәтте ол үйге қайтадан кіріп, газ баллонын редукторынан шешіп алмақ болды. Бірақ, қолынан келмеді. Мен оған “Шегін, өзім істеймін” дедім. Бірден газ баллонын сыртқа шығардым. Бұл әрекетті жұмысым емес, азаматтық парызым деп санаймын.
Құтқарылған ер адам полицейлерге дән риза. Тәртіп сақшылары болмағанда қайғылы оқиға орын алуы да мүмкін еді.
ТАЛЕХ ГУРБАНОВ, қала тұрғыны:
— Үйдің өртеніп жатқаны жайлы мүлдем білмедім. Полицейлер мені баспанадан әп-сәтте алып шықты. Өзім түсінбей қалдым. Егер олар болмағанда мен бұл жерде тұрмас едім. Тәртіп сақшыларына алғысым шексіз.
Оқыс оқиға жайлы естіген өрт сөндірушілер оқиға орнына бірден жетіп, қызыл жалынды бірден ауыздықтады.
Нұрасыл Ахмет