Петропавлда өрт сөндіру-құтқару спортшы бойынша облыс чемпионаты басталды. Кіл мықтылар жиналған жарысқа 200-ден астам маман қатысуда. Дәстүрлі дода бірнеше сайыс түрінен тұрады. Олардың әрқайсысы бойынша ұпай беріліп, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Сонымен қатар, үздік нәтиже тіркеген спортшылардың ата-жөні қағазға түсіп, бағалы сыйлықтар табысталады.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:
— Бұл жарыс 3 жаттығудан тұрады. Олар: оқу мұнарасының 4-қабатына көтерілу, эстафета және 100 метрге жүгіру.
Қазіргі таңда құтқарушылар оқу мұнарасына шығу бойынша мықтыны анықтауда. Бұл сайыста жеңіске жететін спортшыны болжай алмайсың. Кез келген сәтте құлауың немесе қолындағы жабдық түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін қатысушы шапшаң әрі епті болуы тиіс.
Бұл дода – төтеншеліктердің шымырлығын, кәсіби шеберлігін одан әрі дамытуға септеседі. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің мәртебесін арттырып, салауатты өмір салты да насихатталады. Қатысушылардың көбіне сайыс оңайға соқты. Себебі, бұл олардың күнделікті істеп жүрген жұмыстары болып саналады.
ЕРЖАН НӘЖІКЕНОВ, Саумалкөл №7 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы, Айыртау ауданы:
— Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 10 жыл болды. Еш өкінбеймін. Жарысқа ұзақ дайындалдық. Мұнда тек чемпион болуға келдім.
15-20 метр биіктікке әп-сәтте көтерілу оңай емес. Құлап кетсең, аяқ-қолын сынып, қайғылы оқиғаның орын алуы да ғажап емес. Сондықтан, адамның амандығы үшін жанын беретін құтқарушылар құрметке лайық. Айта кету керек, бәсеке ертең өз мәресіне жетеді.
Нұрасыл Ахмет