Мәдениет

Петропавлда елордалық дәстүрлі ән орындаушылар өнер көрсетті

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында “Күй-қазақтың рухы, ән-Алаштың салтанаты” атты музыкалық-поэтикалық концерт өтті. Шараға арнайы елордадан әнші, күйші, жыршылар шақыртылды. Олардың Петропавлға келуі де тегін емес. Араларында ҚР мәдениет саласының үздігі, күйші Қайрат Айтбаев бар. Ол солтүстікқазақстандық, есімі ұмыт қалған күйші Нұрақай Дүйсенбекұлы жайында мақала жариялаған болатын.

ҚАЙРАТ АЙТБАЕВ, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

— Осыдан бір ай бұрын Нұрақай күйші туралы мақала жаздым. Мақаланың жазылуына мен ұстап жүрген домбыра себеп болды. Оның домбырасында қазақтың ескі үні сақталған. Қазіргі шеберлердің қолынан мұндай туынды жасау келмейді.

Қайрат Айтбаев бұл мақаласы арқылы тек нар тұлғаларды танытуды ғана емес, теріскей өңірінде де ерекше өнер боғанын жеткізуді мақсат еткен.

ҚАЙРАТ АЙТБАЕВ, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

— Мақала арқылы Қызылжар өңірінде күйшілік дәстүрдің болғанын айтқым келді. Біржан салдай, Ақан серідей, Үкілі Ыбырайдай алып тұлғалар туған жерде қиссашылық, күйшілік дәстүрдің болмауы мүмкін еместігін жеткізгім келді.

Нұрақай Дүйсенбекұлы – кезінде домбыраның құлағында ойнаған күйшілердің бірі. Азан шақырып қойылған есімі – Нұрахмет. Өнерді серік еткенін таныған жұрты оны Нұрахмет күйші деп еркелетіп, Нұрақай деп атап кеткен. Қайрат Айтбаев көпшілік біле бермейтін осы тұлға жайлы мақала жазып, соның негізінде Петропавлға шақыртылған.

ДҮЙСЕН ҚАСЕЙІНОВ, жоба жетекшісі, профессор, ҚазКСР-дың еңбек сіңірген өнер қайраткері:

— Мақаладан кейін осы өңірдің өнерпаздары хабарласып, халыққа айтып берсеңіздер деген оймен осы жаққа шақырып отыр.

Сахна төрінде тек күйлер ғана емес, жыр да төгілді. Өнерпаздар солтүстікқазақстандықтарға өз өнерлерін паш етіп, әсем әуендерімен құлақтың құрышын қандырды. Қалың көрермен өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болып, ыстық ықыластарын ду қол шапалақпен білдірді. Сахнада өнер көрсеткен жыршы Күнсұлу Түрікпеннің репертуарында біршама туынды бар.

КҮНСҰЛУ ТҮРІКПЕН, жыршы, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

— Шал ақанның, Қожаберген жырау, Орынбай ақын, Шортанбай Қанайұлы, Бұқар жырау Қалмақаманұлының жырларын орындаймын.

Көшпелі музыкалық-поэтикалық концерт одан әрі жалғасын табады. Өнерпаздар алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларына да барып, халықты төл өнерімізбен сусындатуды жоспарлап отыр.

 

Мәдина Қаби