Қазақстанда дропперлерге қатысты заң күшейді. Алаяқтардың сыбайласы екені анықталса, банктік деректерін бөтенге бергендер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыстық кодекстегі тиісті өзгерістер 16-қыркүйек күні күшіне енді. Жастар қулардың құрбаны болмас үшін Жұмағали Тілеулин атындағы медициналық колледжде профилактикалық іс-шара өтті. Түсіндірме жұмыстарын облыстық полиция департаменті мен қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Соңғы уақытта интернет-алаяқтар ақшаны белгілі бір жерге жеткізу, аудару мақсатында дропперлерді жиі қолданады. Көбінесе қулардың айтқанын жастар істеп, заң бұзады. Бұған күнде куә болып жүрміз. Сондықтан, өскелең ұрпақпен жүздесу жұмысын қолға алдық. Алдағы уақытта басқа да оқу орындарын араламақпыз. Ақпараттандыру ісін жалғастырамыз.
Дропперлер – бұл алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар. Жәбірленушілердің ақшасы дәл осы жандардың банк карталарына түседі. Кейін бұл қаражатты дропперлер қуларға аударады. Полиция тексерген кезде алаяқтардың емес екі арада делдал болған азаматтың жеке дерегі шығады. Сөйтіп, олар бас бостандығынан айырылады. Сондықтан, біреуге көмектесем деп сотталып кетпес үшін сақ болған аса маңызды.
ӘСЕЛ БАЯН, Ж. Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенті:
— Бірақ, жақын адамдарым алаяқтардың құрбаны болды. Интернет-алаяқтар маған бірнеше рет хабарласты. Мен қуларға алданбадым. Бірақ, жақын адамдарым алаяқтардың құрбаны болды.
Заңды білмеу – ешқашан жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан, осындай шаралардың көптеп өткізілгені аса маңызды. Айта кету керек, жыл басынан облыста 520 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 1 млрд 50 млн теңгеден асып жығылады.
Нұрасыл Ахмет