Қызылжар ауданындағы Соколов орман шаруашылығының қарамағында 79 мың гектарға жуық жер бар. Оның өзі 5 орманшылыққа бөлінеді. Қазір мамандар орманға ағаш көшеттерін отырғызу жұмысын қызу жүргізіп жатыр. Шаруашылықта 10-ға жуық ағаш түрі бар. Олардың әрқайсысына ерекше күтім қажет.
СҮЙІНДІК БАЛҚАШЕВ, Соколов орман шаруашылығының орманшы-инспекторы, Қызылжар ауданы:
— Мысалы, аққайың ағашының тұқымы сырға сияқты болады. Оны біз жаздың ортасында жинаймыз. Жинап, кептіреміз. Кейін егеміз.
Орманшы-инспектор Сүйіндік Балқашевтің бұл салада қызмет етіп жүргеніне 3 жылға жуықтапты. Айтуынша, жұмыстың ұнамаған кезі болған емес. Әр істі жан-тәнімен атқарып, әр жасыл желектің жайқалып өскенін көру – ол үшін зор қуаныш.
СҮЙІНДІК БАЛҚАШЕВ, Соколов орман шаруашылығының орманшы-инспекторы, Қызылжар ауданы:
— Менің аумағым – 1991 гектар жер. Күнде сол жерді қарап жүреміз. Кейбірі ағаш ұрлайды.
Жоспар бойынша биыл орманшылар 340 гектар жерге 2 млн 300 түп ағаш егулері қажет. Көктем уақытында ауа райы қолайлы болғандықтан мамандар оның жартысынан көбін отырғызыпты. Жасыл желекті егу бір бөлек, оны жыл бойы күтіп-баптаудың қыр-сыры да көп.
НАЗАР ҚАПАРОВ, Соколов орман шаруашылығының басшысы, Қызылжар ауданы:
— Орман шаруашылығындағы негізгі қиындықтар – орман өрті және зиянкестер. Оның барлығы ауа райына да байланысты. Ыстық кездерде зиянкестер көп болады.
Орманшылар жылда жердің 30 пайызын парға қалдырып отырады. Ал жалпы шаруашылықта 70-ке тарта маман жұмыс істейді.
Мәдина Қаби