Облыста ерікті өрт сөндіру құрылымының бекеттері ашылуда. Игі бастама “Ауыл құтқарушылары” жобасы аясында іске асып жатыр. Соның бірі жақында Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское ауылында пайдалануға берілді. Яғни, мұндай нысан аудан орталықтарынан шалғай орналасқан және өрт сөндіру бөлімі жоқ ауылдарда пайда болады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Барлығы – 5 құтқарушы қызмет етеді. Әзірге, бір көлік бар. Қызметкерлер тиісті құрал-жабдықпен қамтылған.
НАРИМАН АШАМАЕВ, СҚО ТЖД өрт сөндіруді және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:
— Бұл бекеттер жедел ден қою және материалдық залалды барынша азайту мақсатында құрылады. Жыл басынан бері осындай екі өрт сөндіру қосыны құрылды. Біреуі – Шал ақын ауданындағы Мерген, екіншісі Ғ. Мүсірепов ауданындағы Ставрополка ауылында орналасқан. Сондай-ақ, Новоникольское және Волошинка ауылдарындағы нысандарға жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін Қызылжар, Мамлют және Тайынша аудандарында өрт сөндіру бекетін ашуды жоспарлап отырмыз.
Жер-жерде өрт сөндіру нысанының болуы жедел көмекті жақындата түседі. Осындай бір нысан төңіректегі 3-4 ауылға қызмет көрсетеді. Үрдіс жалғасын табады. Келесі жылы өңірде тағы 11 бекет пайдалануға беріледі. Жуырда Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылында жер үй отқа оранды. Оқиға орнына жақын жердегі Новоникольскоеден ерікті өрт сөндіру құрылымы бірінші болып жетіп, дереу іске кіріскен.
ЮРИЙ КНЫШ, Новоникольское ауылындағы ТЖМ жасағының капитаны, Қызылжар ауданы:
— Бізге өрт шықты деп кешкі сағат 6 кезінде хабарласты. Біз барғанда үйдің ішінде адам болды. Шығарып үлгердік. Тез жетуіміздің нәтижесінде ешбір адам зардап шеккен жоқ. Кейін явленкалық және бескөлдік күш қосылды.
Статистикаға тоқталсақ, облыста жыл басынан бері 300-ден астам өрт тіркелді. Салдарынан 17 адам қаза тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға көп.
Мәдина Қаби