Қоғам

Облыс жолдарында 8 ай ішінде 28 адам қаза тапты

СҚО-да 8 айдың ішінде жол-көлік оқиғаларының салдарынан 28 адам қаза тапты. Қайғылы жайттардың алдын алу мақсатында өңір полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық шарасын өткізуде. Науқан 30-шы қыркүйекке дейін жалғасады. Ерекше назар республикалық маңызы бар трассалардағы қозғалыс қауіпсіздігіне аударылуда. Себебі, өңірде өліммен аяқталған апаттардың жартысынан астамы осы жолдарда болған.

Іс-шараның алғашқы күнінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 249 фактісін анықтады. Оның ішінде 48 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпапты. 12 рөл тізгіндеген азамат жаяу жүргіншілерге жол бермей, жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 8 көлік иесі маневр жасау ережесін бұзған.

САБЫРЖАН ОСПАНОВ, СҚО ПД ППБ командирінің орынбасары:

— Шара аясында патрульдік полицияның жұмысы күшейтілді. Бейнетіркеу құралдары мен жасырын патрульдеу белсенді қолданылуда.

Полицейлер жаяу жүргіншілерге де арнайы үндеу жасады. Жыл басынан облыста 362 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 100-ден астамында рөл тізгіндеген жандар адамдарды қағып кеткен. Тәртіп сақшылары тұрғындардан жолды тек белгіленген жерден кесіп өтуді сұрайды.

 

Нұрасыл Ахмет