ТЖ

Құтқарушылар балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Аймақта жыл басынан бері үш бала әйнектен құлап, түрлі жарақат алды. Тағы үш жеткіншек өрттен зардап шеккен. Бұл туралы құтқарушылар мен полицейлер облыс орталығындағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектепте өткен кездесуде айтты. Төтеншеліктер оқушыларға арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпті заттарға жоламауды ескертті.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері:

― Төтенше жағдайлардың министрлігіне 19-шы қазан күні 30 жыл болады. Осының аясында министр “30 игі іс” деген жоспар құрған еді. Міне, игі істердің барысында білім қабырғасына келіп отырмыз.

Мамандардың айтуынша балалардың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Үйде үлкендердің тұрақты назарында болмаған бала түрлі жағдайға тап болуы мүмкін.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері:

― Жаһандану заманында ата-аналар телефонға үңіліп, баласына дұрыс қарамай жатады немесе шамасы жетпейтін егде жастағыларға қалдырады. Ал қазіргі балалар өте тез қимылдайды, бір жерде отырғылары келмейді.

Кездесуде мамандар тек құр сөзбен айтып қана қоймай, алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын да көрсетті. Балалар жарақат алған адамға қалай көмектесуге болатынын, тынысын тексеру әдістерін тәжірибе жүзінде үйренді.

Мамандар алдағы уақытта облыс төңірегіндегі басқа мектептерге де барып, профилактикалық шаралар өткізбек. Себебі, жеткіншектерге іс жүзінде көрсетіп, көбірек айтып отырсаң, тез ұғынады.

МИХАИЛ БОНДАРЕНКО, оқушы:

― Мектебімізде осы сияқты іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Қауіпсіздік ережелері туралы ата-анам да, мұғалімдер де айтып отырады. Адамның тынысын қалай тексеру керектігін білемін. Өзге алғашқы медициналық көмек түрлерін жана үйрендім.

Қоса кетейік, аталғанмектепте 500-ден астам оқушы тәлім алады.

 

Мәдина Қаби