Руслан Тілепбергеновтің Тайынша ауданындағы “Тайынша май” серіктестігінде жұмыс істеп жүргеніне 7 жылдан асқан. Ол кәсіпорынның май өңдеу цехінде бригадир болып еңбек етеді. Қарамағында 6 адам бар. Яғни, станоктардың іске қосылып, сапалы жұмыс істеуі тікелей осы азаматқа байланысты.
РУСЛАН ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, “Тайынша май” ЖШС май өңдеу цехінің бригадирі:
— Серіктестікте бізге бар жағдай жасалған. Ұжым да өте ұйымшыл. Біз әріптес болып емес, аға-іні болып еңбек етеміз. Бір-бірімізге көмектесуге әрқашан әзірміз. Мені бұл жұмыс та ұстап тұрған бірден-бір себеп – осы. Одан қалды, зауыт басшылығы қызметкерлерге бар жағдайды жасауда. Жалақымыз 250-300 мыңнан кем емес.
Жас болса да бас болып жүрген маманның жұмысы оңай емес. Асқан ұқыптылықты, сабырлылықты қажет етеді. Руслан Тілепбергеновтің ойынша, қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы тиіс. Аянбай жұмыс істейтін адам ғана зор жетістіктерге жете алады. Тиісінше, еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосады.
РУСЛАН ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, “Тайынша май” ЖШС май өңдеу цехінің бригадирі:
— Шыны керек, жастар ауыр жұмыс істегісі келмейді. Қолымнан келмейді деп ойлайды. Бұл экономиканың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Өскелең ұрпаққа айтарым, еңбек етуден ешқашан қашпау қажет. Ең бастысы, ынта болса болғаны. Қалғанын үйреніп кетесіздер.
Маманда серіктестіктен кетемін деген ой ешқашан болмаған. Ол қолынан күші кеткенше аталған кәсіпорында еңбек етіп, артынан бірнеше ізбасар қалдырғысы келеді.
Нұрасыл Ахмет