Петропавлда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен өңірлік Кәсіпкерлер палатасы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Келісімнің мақсаты – түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға арналған оқыту курстары мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру.
ТАТЬЯНА ТУЛЕГЕНОВА, СҚО бойынша ҚАЖД сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы:
— Құжат аясында қысқа мерзімді курстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Яғни, түрмеде отырған жандар жай отырмай, түрлі курстан өтіп, білімдерін арттыра алады. Алғашқы курстар қаржылық сауаттылық жөнінде болмақ. Бастапқы кезеңде қос мекемеден 120 сотталғанды қамту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта оқыту бағдарламасы кеңейтіледі. Жазасын өтеп жатқандар үшін біз үнемі оқыту курстарын ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, өткен жылы 250-ге жуық азамат 11 мамандық бойынша кәсіптік білім алды.
Мамандар әріптестік аясында сотталғандарға білім беріп, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды. Әйелдер көбіне тігінші, дизайнер сияқты курстарға қызығады екен, ал ерлердің көбі құрылыс саласын таңдайтын көрінеді. Оның ішінде ағаш ұстасы, сантехник сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары. Мамандардың айтуынша аталған курстар сотталған заматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Нәтижесінде бостандыққа шыққан соң өз кәсібін бастап, нәпәқасын таба алады.
ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
— Бағдарламаға кәсіпкерлік негіздері, сондай-ақ, жұмысшы мамандықтары бойынша курстар енгізілген. Бұған дейін де басқа сала өкілдерімен меморандум жасалған болатын. Бірақ, жазасын өтеп жатқан жандар үшін курс өткізбеген едік.
Жалпы, биыл 200-ден астам жазасын өтеушіні қамту жоспарланып отыр. Оқу соңында барлығы белгілі бір курстан өтті деген сертификатқа ие болады.
Мәдина Қаби