Аққайың ауданындағы “Дайындық Агро” серіктестігі биыл 15 мың гектар жерге егін сепкен. Қазір шаруашылықта орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Алқаптарында 70 техника жүр. 120 адам аянбай тер төгуде. Еңбеккерлер бидайдан басқа дақылдардың бәрін орып алыпты. Шығымдылық 25 центнерден асып жығылады.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— Орақ науқанын 40 пайызға аяқтадық. Жігіттерім қолайлы ауа райын пайдаланып, күндіз-түні аянбай еңбек етуде. Элеваторға 2 мың тонна астық жеткіздік.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде жаңбырдың көп жаууының салдарынан алқаптағы ырыс дәні жарамсыз, құнарлы емес деген алып-қашпа әңгімелер жүр. Тіпті, диқандар орақ науқанын аяқтай алмайды деген сөздер тарап жатыр. Мұнымен ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар маман Біржан Шаймерденов мүлдем келіспейді.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— Әлеуметтік желілерде орақ науқаны жайлы жүрген алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Биылғы шығымдылық былтырғыдан асып түспесе, кем емес.
Облыстағы ең беделді серіктестіктердің бірі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға дән риза. Біржан Шаймерденовтің сөзінше, қазір несие алу бұрынғыға қарағанда анағұрлым жеңілдеген.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— “Кең Дала 2” бағдарламасы арқылы 200 млн теңге қолдау алдық. Биыл былтырғы жылға қарағанда несие ерте берілді. Бұл біздің егіс науқанына ерте шығуымызға зор септігін тигізді.
Бүгінде аймақта шамамен 2 млн тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік 16,5 центнерді құрап отыр.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Облыстағы егіс алқабының көлемі 4,3 млн гектарды құрайды. Диқандарымыз қазіргі таңда орақ науқанын 40 пайызға аяқтады. Еңбеккерлер қолайлы ауа райын ұтымды пайдалануда. Басты мақсат – шашау шығармай, маңызды кезеңді ертерек аяқтау.
Нұрасыл Ахмет