МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— Бүгін 30 мың гектардан астам аумақты алып жатқан Есіл орман шаруашылығының жай-күйімен таныстық. Биыл аталмыш орман шаруашылығының қызметкерлері 300 гектардан астам жерге ағаш егулері қажет. Көктемде бұл жұмыстың 40 пайызы ғана атқарылды. Қалғаны қазір егілуде.
Күзгі дәстүрге айналған игі істің бірі – ағаш егу. Орман шаруашылығы қызметкерлері трактор қазып өткен көшеттерді жинап, түптеп алады. Біржылдық жасыл желектер орманға көшіріледі. Мына жалғыз питомникте қайың мен қарағай ғана өсіріледі. Ал олардың тамыры тереңге жайылып, жапырағы көгергенше дейін біраз тер төгіледі.
СЫРЫМБЕТ ЖАҚЫПОВ, Есіл орман шаруашылығының орманды қалпына келтіру жөніндегі инженері:
— Күз бойы ағаштың тұқымын дайындаймыз. Кейін оның барлығы жерге сіңіріледі. Әйел адамдар көктем уақытында оларға су құйып отырады, арамшөптерін жұламыз.
Көшет жетілгенше жіті бақылауда болады. Жасыл желекті күтіп-баптаудың қыр-сырын жетпістегі орманшы Кенесары Күшенғалиев жақсы біледі. 35 жылдан астам еңбек өтілі бар маманның айтуынша ағаштың бабын табу үшін тәжірибе қажет. Орманшылық Кенесары Кәкімұлы үшін құр кәсіп қана емес, жаның жай табатын іс. Өйткені, орман ортасында жүріп әрі еңбекақыңды табасың, әрі жанға шипа – тұнық ауамен демаласың.
КЕНЕСАРЫ КҮШЕНҒАЛИЕВ, Есіл орман шаруашылығының орманшы-инспекторы:
— Ағаштарға құрт түспеуін қадағалаймыз. Шіріген жерлері болса, жауапты мамандарға жеткіземіз.
Жасыл желектің жауы – құрт қана емес, өрт те зор қауіп төндіреді. Есіл орман шаруашылығында тілсіз жаудың алдын алу мақсатында таудай іс ақарылады. Мамандардың білім-біліктілігі арттырылып, техникалық дайындық пысықталады. Өртпен күресте кадр санының көптігі маңызды рөл атқарады. Шаруашылықта бұл жөнінен мәселе жоқ. Былтырдың өзінде қатарға үш жас маман қосылыпты. Әрқайсысына маңызды міндет жүктелген.
ЕРЛАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, Есіл орман шаруашылығының басшысы:
— Біздің қарамағымызда 3 орманшылық бар. 6 шеберхана учаскеміз бар. Онда 24 орманшы жұмыс істейді. Әр орманшының аумағы бар. Олар сол жерді қадағалап жүреді. Қазір 43 маман бар.
Мемлекет басшысы елімізде 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш егуді тапсырды. Облыста аталған міндет аясында 73 млн-ға жуық жасыл желек отырғызылуы тиіс. Соның 18 млн-ы Есіл орман шаруашылығының үлесінде.
Мәдина Қаби