Қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Жұмағали Тілеулиннің есімі еліміз үшін қастерлі. Өкінішке қарай, тағдыры қиын тұлға туралы көп айтыла бермейді. Біртуар азамат қазақтан шыққан ең алғашқы дәрігер болып саналады. Кеңес үкіметінің кезінде талай жанды емдеп, аяққа тұрғызған. Биыл халық жанашырының туғанына 135 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай Петропавлда “Жұмағали Тілеулин – Алаш Орда қайраткері” атты әдеби кеш өтті.
ЗЫЛЫЙҚА БИМАҚАНОВА, тарих ғылымдарының кандидаты:
— Біреу білсе, біреу білмес, Жұмағали Тілеулин Алаш үкіметінің құруға сүбелі үлесін қосты. Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов сынды ұлы тұлғалармен тығыз байланыста болды. Халықтың әлеуетін көтеруге арналған бірқатар істер атқарды.
Жұмағали Тілеулин 1890 жылы Айыртау ауданындағы Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Ол ағартушылық қызметпен қатар халықтың бостандығы үшін күресті. Алайда, белсенділігі мен қайсарлығы Кеңес билігіне жақпай, бірнеше мәрте тұтқындалған. Өкінішке қарай, 38-ші жылдың ақпанында ату жазасына кесілді. Жазушы және журналист Жақсыбай Самрат нар тұлға жайлы “Егемен Қазақстан” газетіне бірнеше рет мақала жазған. Сол туындыларының арқасында Петропавлдағы медициналық колледжге Жұмағали Тілеулиннің есімі беріліпті.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:
— Кеңес үкіметі Міржақып Дулатовтың “Оян, қазақ” кітабын жойған болатын. Сол кезде Жұмағали Тілеулин туындының 1 мың данасын жасырып алып қалып, халыққа таратып берген. Жұмағали Тілеулиннің 8 кітабы бар. Барлығында медицинаның қыр-сыры мен терминдері түсінікті тілде жазылған.
Біртуар азаматты тек ақхалатты абзал жан деп қарастыруға болмайды. Жұмағали Тілеулин 1922 жылы Петропавл қаласындағы мұғалімдер курсы мен педагогикалық техникумды басқарған. Қазақ оқушыларына арнап медицина тақырыбындағы бірқатар кітапты орыс тілінен аударған. Тіпті, сол бойынша дәріс те оқыпты.
ДАРИНА ДАСТАНОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
— Осы сияқты шаралар жастарға мол пайда әкеледі. Бұрындары Жұмағали Тілеулин жайлы біле қоймайтынмын. Бүгінгі жиыннан мол ақпар алдым, алдағы уақытты ұлы тұлғаның өмірбаяны жайында оқитын боламын.
Жұмағали Тілеулиннің өмірбаянымен танысқысы келетіндер жандар облыстық кітапханаға келіп осыдан 4 жыл бұрын жарық көрген кітабын оқи алады.
Нұрасыл Ахмет